Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: ДӘСТҮР, ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ КӨЗҚАРАС
01 Қазан 2026                  69
ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ: ДӘСТҮР, ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ КӨЗҚАРАС

1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай білім ордамыздың кітапханасында «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы: дәстүр, тәжірибе және заманауи көзқарас» тақырыбында ашық пікірталас алаңы өтті. Іс-шараға 1-курс студенттері қатысып, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымының жас ұрпақ үшін маңызын, ұлттық құндылықтар мен дәстүр сабақтастығын, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы ұрпақтар арасындағы өзара түсіністік мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында студенттер аға буынның өмірлік жолына, жинақтаған тәжірибесіне, орындалмай қалған армандарына және кейінгі ұрпаққа айтар өсиеттеріне назар аударды. Іс-шараға арнайы дайындық ретінде жастар университет оқытушылары мен көшеде кездескен қарияларға түрлі сауалдар қойып, олардың жауаптарын бейнематериал ретінде ұсынды. Кездесуде аталған бейнероликтер тамашаланып, айтылған ойлар төңірегінде пікір алмастырылды.  Бейнематериалдардағы өмір жолы, арман, өсиет, отбасы, уақыттың қадірі, үлкен мен кіші арасындағы сыйластық туралы жауаптар студенттерге ерекше ой салды.  Одан әрі ашық пікірталас барысында ұрпақтар сабақтастығының мәні, аға буын тәжірибесінің бүгінгі жастар үшін маңызы, ұлттық дәстүрді сақтаудың жолдары, заманауи көзқарас пен қалыптасқан құндылықтардың арақатынасы, үлкенге құрмет көрсету мәдениеті және жастардың келешек ұрпаққа қалдырар аманаты секілді өзекті мәселелер қозғалды.  Әр студент ортаға шығып, өз ойын еркін білдіріп, жеке көзқарасы мен өмірден түйгенін ортаға салды. Бірі отбасындағы үлкендердің тәрбиесі туралы айтса, енді бірі аға буынның сабырлылығы, еңбекқорлығы мен өмірлік ұстанымдарын үлгі етті. Оқытушылар да өз тарапынан сауалдар қойып, студенттердің пікірін толықтырып, ойларын тереңдете түсті.

Пікірталас алаңында әртүрлі буын өкілдерінің өмірге деген көзқарасы тоғысып, тәжірибе мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығы айқын көрінді. Студенттер үшін бұл – тек пікір білдіру алаңы емес, үлкендердің өмір жолынан тағылым алып, өз құндылықтарына қайта үңілуге мүмкіндік берген мазмұнды кездесу болды.  Ұрпақтар сабақтастығы – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, оны болашаққа аманат ету. Аға буынның әрбір өмірлік сабағы – кейінгіге қалдырған мұрасы. Ал сол мұраны бағалап, жалғастыру – жастардың жауапкершілігі.  Осылайша Қарттар күніне арналған ашық пікірталас алаңы үлкенге құрмет пен кейінгіге өнеге, дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған тағылымды кездесуге айналды.