Главная Новости METU-да 18 білім беру бағдарламасының студенттері үшін академиялық ұтқырлық бойынша ақпараттық кездесулер басталды
05 Қазан 2026                  62
METU-да 18 білім беру бағдарламасының студенттері үшін академиялық ұтқырлық бойынша ақпараттық кездесулер басталды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде METU-дың 18 білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған академиялық ұтқырлық бойынша ақпараттық кездесулер сериясы басталды.

Кездесулерді Халықаралық ынтымақтастық департаменті ұйымдастыруда. Негізгі мақсат — студенттерді шетелдік серіктес университеттерде білім алу мүмкіндіктерімен, академиялық ұтқырлықтың өзекті бағыттарымен, қатысу талаптарымен және құжаттарды тапсыру мерзімдерімен таныстыру.

Алғашқы ақпараттық кездесу «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының студенттерімен өтті.

Кездесу барысында Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Шохаева Карлыгаш Нурлановна студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу талаптары, қажетті құжаттар, өтінім беру мерзімдері, іріктеу кезеңдері, сондай-ақ жаңа шетелдік бағыттар мен серіктес университеттер туралы толық ақпарат берді.

Кездесудің маңызды бөлігі — өткен оқу жылында академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысып, шетелдік университеттерде білім алған студенттермен ашық әңгіме болды. Олар өз әсерлерімен бөлісіп, оқу үдерісі, жаңа ортаға бейімделу, студенттік өмір және шетелде білім алу тәжірибесі туралы айтып берді.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер университет таңдау, үміткерлерге қойылатын талаптар, құжаттарды тапсыру мерзімдері, тілдік дайындық және конкурстық іріктеудің келесі кезеңдері бойынша белсенді сұрақтар қойды.

Халықаралық ынтымақтастық департаменті «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының меңгерушісі Бостанов Бектас Ганиевичке кездесуді ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, студенттерді жинауға және оларды академиялық ұтқырлық бағдарламаларына тартуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.

Апта бойы ақпараттық кездесулер университеттің басқа білім беру бағдарламаларының студенттерімен жалғасады. Жалпы METU-дың 18 білім беру бағдарламасын қамту жоспарланып отыр.

Мұндай кездесулер студенттерге қажетті ақпаратты алдын ала алуға, өздерін қызықтырған сұрақтарды тікелей қоюға және конкурстық іріктеуге сапалы дайындалуға мүмкіндік береді.

Академиялық ұтқырлық — халықаралық академиялық тәжірибе жинақтауға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және жаңа білім беру мен мәдени мүмкіндіктерді ашуға жол береді.