Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Ағылшын тілі және жасанды интеллект: саяхат жағдаяттарына негізделген ашық сабақ
14 Қазан 2026                  49
Ағылшын тілі және жасанды интеллект: саяхат жағдаяттарына негізделген ашық сабақ

2026 жылғы 14 қазанда METU университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының оқытушысы Anyanwu Chukwuemeka Prince ағылшын тілі пәнінен «Travel without problems: use AI as a co-pilot» («Саяхаттағы қиындықтарды шешу: жасанды интеллект көмекші ретінде») тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабаққа биоинженерия және IT-маркетинг бағыттарының бірінші курсынан 30 студент қатысты. Сабақ проблемалық оқыту тәсіліне негізделіп, ағылшын тілін нақты өмірлік жағдайларда қолдануға бағытталды. Студенттер багаждың жоғалуы, әуе рейсінің тоқтатылуы, қонақүйдегі бронь мәселелері және тілдік кедергілер сияқты саяхат кезінде кездесетін қиындықтарды талқылады. Тақырыптық тапсырмалар арқылы сөздік қорын толықтырып, көмек сұрау мен кеңес беруге арналған тілдік құрылымдарды қолданды.

Сабақтың ерекшелігі - тілдік тәжірибенің жасанды интеллект құралдарымен ұштастырылуы. Қатысушылар ChatGPT үшін ағылшын тілінде нақты сұраулар құрастырып, ұсынылған шешімдерді талдады. ЖИ жауаптарының сенімділігін бағалау және ақпаратты тексеру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жұптық және топтық жұмыстар, рөлдік ойындар мен қысқа таныстырылымдар студенттердің белсенді қатысуына мүмкіндік берді. «Travel Rescue Challenge» тапсырмасында олар жоғалған багаж және қонақүй бронінің күшін жою жағдайына шешім ұсынды. Студенттер әуе компаниясына хабарласу, көмек сұрау және басқа қонақүй іздеу жөніндегі ұсыныстарын ағылшын тілінде жеткізіп, should, could, can және If I were you… құрылымдарын қолданды.

Сөйлеу, тыңдалым, оқылым және жазылым тапсырмалары бір-бірімен байланыста орындалды: студенттер саяхат жағдаяттары мен ЖИ жауаптарын оқыды, диалогтер құрастырды, топтық шешімдерін таныстырды және ұсыныстарын негіздеді.

Ашық сабақ ағылшын тілін практикалық мәселелерді шешу құралы ретінде қолдануға жағдай жасады. Жасанды интеллект ұсынған жауаптарды тексеру мен сыни бағалау студенттердің жауапкершілікпен шешім қабылдауына бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі болды.