METU университетінің
«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының оқытушысы Бейсеғұл Дина
Талғатқызының жетекшілігімен «Шет тілі» пәнінен «My University» тақырыбындағы
студенттердің өзіндік жұмыстарын қорғау ұйымдастырылды. Силлабусқа сәйкес
орындалған тапсырма ағылшын тіліндегі қарым-қатынас дағдыларын шығармашылық
ізденіспен және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастырды. Студенттер университет
өмірін өз көзқарасы арқылы бейнелеп, жұмыстарын комикстер, көрнекі материалдар
және рөлдік көріністер түрінде ұсынды. Ағылшын тіліндегі диалогтер мен
студенттік өмірден алынған жағдаяттар тақырыптық сөздік қорды тәжірибеде
қолдануға, ойды жүйелі әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік берді. Жұмыстарды
қорғау барысында қатысушылар әзірлеген материалдарын аудитория алдында
түсіндіріп, кейіпкерлердің рөлдерін сомдады және топтық жұмыс нәтижесін
көрсетті. Осылайша, өзіндік тапсырма мәтін дайындаумен қатар, ағылшын тілінде
сөйлеуді, өзгені тыңдауды және бірлесіп әрекет етуді қамтыды.
Тапсырманың ерекшелігі - жасанды интеллект
көмегімен әзірленген визуалдық мазмұнның студенттердің өз сөзімен және
шығармашылық шешімдерімен толықтырылуы. Мұндай жұмыста студенттің тақырыпты
түсінуі, тілдік материалды орынды қолдануы және ұсынған мазмұнын түсіндіре алуы
маңызды. ЖИ құралдарын пайдалану ақпаратты тексеру, мәтінді сауатты өңдеу және
академиялық адалдықты сақтау жауапкершілігімен қатар жүреді. «My University»
тақырыбы студенттерге өздері білім алып жатқан ортаны ағылшын тілінде сипаттап,
университет өміріне деген көзқарасын білдіруге мүмкіндік берді. СӨЖ-ді осындай
форматта ұйымдастыру тілдік білімді нақты тәжірибемен байланыстырып,
студенттердің дербес ізденісі мен көпшілік алдында сөйлеуіне жағдай жасайды.