Бүгін Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде Республика күніне орай құрылымдық бөлім басшылары, кафедра меңгерушілері және профессорлық-оқытушылық
құрамның
қатысуымен жиын өтті. Басқосудың
негізгі мақсаты – ұлттық мерекенің тарихи мәнін тереңінен зерделеу,
мемлекеттілік пен егемендік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ университет
ұжымының ел болашағы алдындағы ортақ жауапкершілігін айқындау болды.
Жиынның ашылу
салтанатында университет ректоры Д. Ақпанбетов сөз сөйлеп, Республика күнінің
ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Өз сөзінде мемлекеттің өркендеуі мен
қоғамның ілгерілеуіне ықпал ететін негізгі факторларды атап өтіп, ел дамуының
маңызды кезеңдерін саралау, жетістіктерді бағамдау және алдағы міндеттерді
айқындаудың маңызын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Халықаралық
инженерлік-технологиялық университеті білікті мамандар даярлау, ғылым мен
инновацияны дамыту арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық
өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
«Әрбір елдің даму жолында оның болашағын
айқындайтын, халықтың әл-ауқатын арттырып, қоғамның өркендеуіне жол ашатын
маңызды кезеңдер болады. Осындай кезеңдердің бірі – жеті жылдық жасампаздық
жолы. Бұл уақыт аралығы атқарылған жұмыстарды саралап, қол жеткізген
жетістіктерді бағалап, алдағы мақсаттарды айқындауға мүмкіндік береді. Ел
дамуының негізгі көрсеткіштері тек экономикалық өсіммен ғана емес, халықтың
өмір сапасымен, білім мен ғылымның дамуымен, әлеуметтік тұрақтылықпен және
ұлттық құндылықтардың сақталуымен де өлшенеді», – деді ректор.
Сонымен
қатар, Д. Ақпанбетов жоғары білім беру жүйесінің ел дамуына қосатын үлесіне
тоқталып, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің
профессорлық-оқытушылық құрамының қоғам алдындағы жауапкершілігіне ерекше мән
берді. Сапалы білім мен саналы тәрбие – бәсекеге қабілетті, кәсіби біліктілігі
жоғары, жаңашыл ойлайтын әрі елдің ғылыми-технологиялық дамуына үлес қоса
алатын мамандар даярлаудың негізгі алғышарты екенін атап өтті. Осы тұрғыда
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің кадр даярлаудағы міндеті
білім берумен ғана шектелмей, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, азаматтық
ұстанымы берік, ел болашағына бейжай қарамайтын тұлғаларды қалыптастыру екенін
айқындады.
Жиын
соңында университет ректоры қатысушыларды мерекемен құттықтап, еліміздің
өркендеуіне үлес қосатын білікті мамандар даярлау жолындағы қызметтеріне
сәттілік тіледі.