Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры «Intellectual games» интерактивті викторинасы
29 Қазан 2026                  89
«Intellectual games» интерактивті викторинасы

«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының оқытушылары Сисенбаева А.С. және Махажанова Л.М. «Биотехнология» және «Бағдарламалық инженерия» мамандықтарының студенттері арасында ағылшын тілінде интерактивті викторина ұйымдастырды.

Іс-шараның тақырыбы ойын индустриясына арналды. Викторина барысында студенттер бейнеойындар, мобильді қосымшалар, үстел ойындары және спорттық ойындар туралы түрлі интерактивті тапсырмаларды орындап, ағылшын тіліндегі білімдерін тәжірибе жүзінде қолданды.

Викторинаның негізгі мақсаты – ойын технологияларын оқу үдерісіне енгізу арқылы студенттердің ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру және коммуникативтік дағдыларын дамыту. Тапсырмаларды орындау барысында қатысушылар тақырыптық лексика мен заманауи ойын индустриясына қатысты сөздерді меңгеріп, грамматикалық білімдерін бекітті, тыңдалым және өз ойын ағылшын тілінде жеткізу дағдыларын жетілдірді.

Командалық жұмыс студенттердің белсенділігін арттырып, өзара қарым-қатынас жасауына және бірлесіп шешім қабылдауына мүмкіндік берді. Ойын форматындағы тапсырмалар жаңа сөздерді есте сақтауды жеңілдетіп, оқу үдерісін қызықты әрі нәтижелі етуге ықпал етті.

Интерактивті викторина ойын технологияларының шет тілін оқытудағы тиімділігін көрсетті. Мұндай әдістер студенттердің оқу мотивациясын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ағылшын тілінде еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.