Бүгін, 30 қазанда, Almaty Management University-де өткен ALMAU – TOLYQ ADAM 2026 халықаралық
конференциясына қатыстым.
Конференцияның тақырыбы - «Болашақтың университеті - “Толық адам” тұлғасын
қалыптастыратын орта: Ұлы дала мұрасы және заманауи шешімдер». Конференцияның
ресми ашылу салтанатын Almaty Management University ректоры Тимур Бұлдыбаев жүргізді. AlmaU
негізін қалаушысы әрі президенті Асылбек
Қожахметов және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және
жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан құттықтау сөз
сөйледі.
Ақерке Абылайхан өз
таныстырылымында ұлттық құндылықтарға негізделген гуманизмді Қазақстандағы
студент жастарды әлеуметтендірудің маңызды негізі ретінде қарастырды.
Баяндаманың өзегіне Абайдың «Адамзаттың
бәрін сүй, бауырым деп» деген ізгілік қағидасы алынды. Таныстырылым
барысында Мемлекет басшысының бейнематериалы көрсетілді. Онда Абайдың «Толық адам» іліміне, ақыл, қайрат пен
жүрек үйлесіміне негізделген бұл тұжырымдаманың қазіргі білім беру мен тұлға
тәрбиесіндегі маңызына назар аударылды. Ұлттық құндылықтар мен гуманистік
ұстанымдарды білім беру мазмұнына енгізу студенттің кәсіби білімімен қатар
адамгершілік қасиеттерін, азаматтық жауапкершілігін және қоғамға қызмет ету
мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды. Таныстырылымда еліміздің
жоғары білім беру жүйесінің қазіргі ауқымы да көрсетілді. Ұсынылған
мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 132
жоғары оқу орны жұмыс істейді және оларда 806 367 студент білім алады. Оның ішінде бакалавриатта - 713 819, магистратурада - 49 982, докторантурада - 11 215 студент оқиды. Халықаралық
студенттер саны 40 910 адамды
құрайды. Бұл көрсеткіштер университеттердің білім берумен қатар жастардың
азаматтық ұстанымын, адамгершілік қасиеттері мен әлеуметтік жауапкершілігін
қалыптастырудағы рөлінің ауқымын айқындайды.
Конференцияның негізгі сұрағы: болашақтың университеті қандай адамды
қалыптастыруы керек? Қазіргі университет кәсіби маман даярлаумен
шектелмей, дербес ойлайтын, үздіксіз білім алуға қабілетті, жауапкершілік пен
адамгершілік ұстанымдарды басшылыққа алатын және өзгермелі жағдайда саналы
шешім қабылдай білетін тұлға қалыптастыруы қажет. Негізгі баяндаманы Торонто
университетінің профессоры Joo-Yup Lee
жасап, түркі және қазақ көшпелі қоғамдарындағы «біртұтас тұлға» ұғымын тарихи тұрғыдан талдады. Ғалым Ұлы дала
қоғамында қалыптасқан тұлғалық қасиеттердің қазіргі және болашақ ұрпақты
тәрбиелеудегі мәніне назар аударды.
«Ұлы
дала - мұрадан болашақтың тұлғасына дейін» атты бірінші
панельде Marie Favereau, Peter Finke,
Зира Наурызбай, Mark Ingham, Catherine Poujol және Айнаш Мустояпова
тарихи мұра, әлеуметтік байланыстар, музыка мен мәдени код, номадтық
педагогика, ұлттық бірегейлік және тұлғалық құндылықтар туралы мазмұнды
баяндамалар ұсынды. «Ұлы дала болашақ
тұлғасына нені үйрете алады?» тақырыбындағы пікірталаста тарихи-мәдени
мұраны өткеннің естелігі ретінде ғана емес, қазіргі адамның бойында
жауапкершілік, бейімделгіштік, әлеуметтік бірлік пен мәдени ашықтықты
қалыптастыратын рухани және зияткерлік ресурс ретінде зерделеу қажеттігі
айтылды.
Конференциядан
түйген негізгі ойым: болашақтың университеті терең білімді маманмен
бірге ақыл, жүрек пен қайратты үйлестіре алатын, ұлттық құндылықтарды
құрметтейтін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұтас тұлғаны
қалыптастыруы тиіс. Ұлы дала мұрасы мен заманауи білім беру тәжірибелерін
сабақтастырған мазмұнды басқосу кәсіби және рухани дамудың жаңа қырларын
пайымдауға мүмкіндік берді.