2026 жылғы 27–30 қазан аралығында METU
университетінде «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының
ұйымдастыруымен English Week 2026 - Ағылшын тілі апталығы өтті.
Бағдарлама әртүрлі білім беру бағыттарында оқитын студенттерді біріктіріп,
презентациялар, пікірсайыстар, зияткерлік ойындар, бейнежобалар, тақырыптық
кездесулер мен шығармашылық қойылымдарды қамтыды. Апталықтың негізгі мақсаты
ағылшын тілін тәжірибеде қолдануға жағдай жасау болды. Студенттер өз
тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады, кәсіби қызығушылықтарын
таныстырды және бірлескен жобалар әзірледі. Іс-шаралардың алуан түрлі форматы
қатысушыларға баяндамашы, сұхбаттасушы, шығармашылық жұмыстың авторы және
команда мүшесі ретінде өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Іс-шараларды
дайындауға және өткізуге кафедра оқытушылары Айткулова Құралай Оңғаровна, Anyanwu
Chukwuemeka Prince, Eleanya Nnanna Samuel, Бейсеғұл Дина Талғатқызы, Сисенбаева
Анар Сисенбаевна, Махажанова Ляйля Мадибековна және Төребек Шолпан Жүнісханқызы
қатысты. Бағдарламаның мәдени-ағартушылық бағыты Айткулова Құралай Оңғаровна
өткізген «Language
Fact» дөңгелек үстелінде көрініс тапты. Студенттер тілдер
туралы қызықты деректермен танысып, полиглоттар туралы бейнематериалдар көрді
және шет тілдерін меңгерудің маңызын талқылады. Уильям Шекспир, Александр
Пушкин және Абай Құнанбайұлының шығармашылығына назар аудару арқылы тілдік
тәжірибе әдебиетпен және мәдени мұрамен сабақтастырылды. Қазіргі коммуникация
мәселелері Төребек Шолпан Жүнісханқызы өткізген «Әлеуметтік желілердің шынайы өмірдегі
қарым-қатынасқа ықпалы» тақырыбындағы іс-шарада қарастырылды.
Қатысушылар цифрлық ортаның күнделікті қарым-қатынасты қалай өзгертетінін,
әлеуметтік желілердің қандай мүмкіндіктер беретінін және тікелей қарым-қатынас
мәдениетін сақтаудың неліктен маңызды екенін талқылады. Тақырып ағылшын тілін
тәжірибеде қолдануды студенттердің жеке тәжірибесімен байланыстыруға мүмкіндік
берді. 28
қазанда кафедра оқытушысы Бейсеғұл Дина Талғатқызы «Әлеуметтік желілердің
адам өміріне ықпалы» тақырыбында іс-шара өткізді. Студенттер
әлеуметтік желілердің оң және теріс жақтарын ағылшын тілінде талқылап, өз
ойларын театрландырылған көріністер мен шығармашылық қойылымдар арқылы
жеткізді. Бағдарламада интерактивті ойындар, танымдық тапсырмалар және жасанды
интеллект технологияларының көмегімен дайындалған көрнекі материалдар
қолданылды. Іс-шара студенттердің тілдік және коммуникативтік дағдыларын, сыни
ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік желілерді саналы әрі жауапты
пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Сисенбаева Анар Сисенбаевна мен
Махажанова Ляйля Мадибековна бейнеойындар, мобильді қосымшалар, үстел және
спорттық ойындар тақырыбына арналған «Intellectual Games» интерактивті
викторинасын ұйымдастырды. Командалық формат тілдік тапсырмаларды зияткерлік
сайыспен ұштастырды. Студенттер тақырыптық лексиканы қолданып, ағылшын
тіліндегі ауызша ақпаратты түсіну және жауаптарды бірлесіп талқылау дағдыларын
жетілдірді. 29
қазанда университеттің Халықаралық ынтымақтастық
департаментінің директорымен «Student Life - Студенттік өмір»
тақырыбында кездесу өтті. Кездесуде студенттік бастамалар, академиялық
ұтқырлық, халықаралық білім беру бағдарламалары және оларға қатысуда ағылшын
тілін меңгерудің маңызы талқыланды. Студенттер университеттік өмірді мазмұнды
ету, өзара қолдауды нығайту және ұсынылған идеяларды бірлескен жобаларға
айналдыру жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Eleanya Nnanna Samuel
өткізген іс-шарада қатысушылар жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен ықтимал
тәуекелдері, әлеуметтік желілердің ықпалы, пайдалы өнертабыстар, болашақ
мамандық және ағылшын тілін меңгерудің маңызы туралы презентациялар ұсынды.
Баяндамалар рөлдік ойындармен, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің «Достық»
және «Менің
университетім - 2030 жылғы METU» тақырыптарындағы
бейнесұхбаттарымен толықтырылды. Алдын ала дайындалған баяндамалар мен еркін
диалогтардың үйлесуі ағылшын тілін пікір алмасу және шығармашылық тұрғыдан өзін
таныту құралы ретінде қолдануға мүмкіндік берді.
Апталық барысында студенттер «METU студентінің бір
күні» және «Университеттік өмірдің қиындықтары» тақырыптарында
бейнепрезентациялар дайындады. Олар өз оқиғалары арқылы оқу міндеттері, уақытты
жоспарлау, қарым-қатынас және күнделікті кездесетін мәселелер туралы баяндады.
Бейнероликтерді әзірлеу мазмұнды айқындау, сценарий жазу, ағылшын тіліндегі
мәтінді дайындау және көрнекі безендіру бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуді
талап етті. Пікірсайыстар барысында қатысушылар онлайн және дәстүрлі оқыту
форматтарын салыстырып, үйде тұрып оқу мен студенттік жатақханада тұрудың
артықшылықтарын талқылады. Студенттер өз ұстанымдарын дәлелдеп, қарсы тараптың
пікірін тыңдап, келтірілген уәждерге жауап берді. Мұндай тапсырмалар көпшілік
алдында сөйлеу, мұқият тыңдау және пікірталасты әдепті жүргізу дағдыларын
тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді. Презентациялардың тақырыптары
Қазақстанды, METU университетін, әртүрлі мамандықтардағы ағылшын тілінің рөлін
және білім берудің болашағын қамтыды. «Менің университетім 2036 жылы» атты
жұмыста студенттер университеттік ортаның болашақтағы дамуына қатысты өз
көзқарастарын ұсынды. Баяндамалар жастарды қызықтыратын мәселелерді және тілдік
дайындықтың олардың академиялық әрі кәсіби жоспарларымен байланысын көрсетті. Ағылшын
тілі оқытушысы Anyanwu Chukwuemeka Prince қатысуымен дайындалған 30 қазандағы қорытынды
іс-шара студенттердің презентацияларын, пікірсайыстары мен
шығармашылық бейнежұмыстарын біріктірді. Қатысушылар дайындық нәтижелерін
таныстырып, аудитория алдында сөйлеуге, өз пікірін негіздеуге және бір-біріне
қолдау көрсетуге дайын екендерін көрсетті. English Week 2026 апталығының
тәжірибелік нәтижесі ретінде студенттер дайындаған бейнематериалдар мен
презентацияларды, командалық жұмыс тәжірибесін және ағылшын тілінде әртүрлі
форматта қарым-қатынас жасау дағдыларын атауға болады. Қатысушылар алдын ала
дайындалған баяндамалармен қатар еркін диалогтерге де қатысып, меңгерген
лексикасын күнделікті өмірдегі таныс жағдайлар мен өзекті тақырыптарды талқылау
барысында қолданды.
English Week
апталығын өткізу білім сапасын арттыруға, тілдік дайындықты жетілдіруге және
халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Халықаралық
инженерлік-технологиялық университет құрылтайшысы мен басшылығының стратегиялық
басымдықтарына сәйкес келеді. Студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламаларына,
халықаралық білім беру жобаларына және кәсіби өзара іс-қимылға қатысуының
маңызды шарты ретінде ағылшын тілін меңгеруге ерекше мән беріледі. Апталық
іс-шаралары студенттердің тілдік, коммуникативтік, цифрлық және командалық
дағдыларын дамытуға жағдай жасап, аталған басымдықтарды тәжірибе жүзінде жүзеге
асыруға ықпал етті. Кафедра іс-шараларды дайындап, өткізген оқытушыларға,
сондай-ақ бастамашылдығы, шығармашылық ізденісі және белсенді қатысуы үшін
студенттерге алғыс білдіреді. Ағылшын тілі апталығы университеттік ортада
тұрақты сөйлеу тәжірибесінің, бірлескен жобалардың және идеяларды ашық
талқылаудың маңызын көрсетті.