Главная Новости METU-де құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
11 Қараша 2026                  83
METU-де құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында студенттерге арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесуге Бостандық ауданы прокуратурасының прокуроры Айнұр Күнтуқызы қатысып, студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған дәріс оқыды.

Дәріс барысында жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың түрлері, олардың туындау себептері мен құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, алаяқтық әрекеттерден қорғану және зиянды әдеттердің алдын алу мәселелері қамтылды.

Айнұр Күнтуқызы жастардың құқықтары мен міндеттеріне, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тоқталып, нақты мысалдар негізінде құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ құқықтық мәдениет пен заңға құрмет әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құндылықтар екенін атап өтті.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті маманнан жан-жақты жауап алды. Жастарға кез келген жағдайда заң талаптарын басшылыққа алу, күмәнді әрекеттерден аулақ болу және өз құқықтарын заңды жолмен қорғау қажеттігі түсіндірілді.

Аталған кездесу студенттердің құқықтық білімін жетілдіруге, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды іс-шара болды.