2026 жылғы 16 қарашада Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде Халықаралық студенттер күніне арналған
салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға университет ұжымы, халықаралық серіктестер және студенттер
қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің білім мен
ғылымға деген ұмтылысын қолдау, жастардың жетістіктерін дәріптеу,
мәдениетаралық байланысты нығайту және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың
мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру.
Салтанатты жиынды университет ректоры Д. Ақпанбетов
құттықтау сөзімен ашып, білімді, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастардың
университет дамуы мен ел болашағындағы маңызды рөлін атап өтіп, студенттерге
білім жолында табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. . Сонымен қатар академиялық
ұтқырлық бағдарламасына қатысып, халықаралық білім беру кеңістігінде тәжірибе
жинақтап жүрген студенттердің жетістіктері атап өтті.
Мерекелік бағдарламаның маңызды
бөліктерінің бірі – METU мен Цзянсу университеті арасындағы халықаралық
ынтымақтастыққа арналды. Цзянсу
университетінің ректоры Дай Гохун қатысушыларға құттықтау лебізін білдіріп, екі
жоғары оқу орны арасындағы әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.
Жиын аясында «Бағдарламалық инженерия» және «Смарт
технологиялар» білім беру бағдарламалары бойынша 2+2 форматындағы қос дипломдық
бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі екі келісімге қол қойылды. Бұл
келісімдер студенттердің сапалы білім алуына, халықаралық академиялық тәжірибе
жинақтауына және кәсіби құзыреттерін әлемдік деңгейде дамытуына жаңа
мүмкіндіктер береді.
Салтанатты бөлім мазмұнды музыкалық және сахналық
бағдарламамен жалғасты. METU студенттік домбыра оркестрі Құрманғазының
«Балбырауын» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындап, ұлттық
өнердің рухы мен көркемдігін паш етті.
Көпшілік назарына ұсынылған «Толық адам»
студенттік қойылымы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының кемел адам қалыптастыруға
бағытталған рухани-адамгершілік тұжырымдамасына негізделді. Қойылымда он бес
ұлттың өкілі ұлттық киімдерімен бір сахнада бас қосып, бірлік пен мәдени
әралуандықтың үйлесімді көрінісін танытты. Сахналық композиция арқылы Абай
дәріптеген ақыл, қайрат және жүрек үйлесімі, сондай-ақ білімділік, еңбекқорлық,
ар-ұят, жауапкершілік, ізгілік пен өзара құрмет секілді құндылықтар
насихатталды.
Сондай-ақ студенттер «Алматының кешінде» мюзиклін және
студенттік өмірдің достыққа, шығармашылыққа, ізденіске толы жарқын сәттерін
бейнелейтін «Students Vibe» сахналық қойылымын ұсынды. Мерекелік кешті «Кербез»
би тобының заманауи би композициясы әсерлі түйіндеді.
Халықаралық студенттер күніне арналған іс-шара
университет жастарының шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, түрлі
мәдениеттерді тоғыстырған достық пен ынтымақтастық алаңына айналды. Мерекелік
жиын білімге ұмтылған жастардың ортақ мақсаты мен бірлігін айқын көрсетіп,
қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.