Главная Новости Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы: өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар
27 сәуір 2021                  319189
Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы: өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар

26-сәуір 2021 жыл Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде ҚР Тәуелсіздігің 30 жылдығы ҚазИТУ-дың 20 жылдығы қарсаңында «Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы: өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Түркия, Ресей, Канада, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен ғалымдар қатысты. Халықаралық ғалымдар бас қосқан ғылыми жиында білім, ғылым және өндірістің интеграциясын талқыланды. Микробиология жетістіктері, еліміздегі жеміс-көкөніс шаруашылығы саласының жай-күйі және өзге де өзекті тақырыптар қамтылды.

Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сарсенбекова алғысөзін жеткізді. Гүлнар Сарсенбекова Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикадағы инновациялық өзгерістерді жандандыру жөніндегі саясаты Қазақстанның жоғары мектебінің алдына элиталы кадрлар даярлау міндетін қойғанын, дәл осындай инженер-мамандарды даярлауға Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің барлық қызметі бағытталғанын атап өтті. 2020 жылы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің даму бағдарламасы, яғни іргелі білім берудің рөлін күшейту, "ғылым арқылы оқыту" қағидатын іске асыру, білім беру ақпараттық технологияларын енгізу, оқу үдерісі барысында "жұмсақ дағдыларды" (soft skills) қалыптастыру арқылы нарыққа бейімделген инновациялық мамандарды даярлауды көздейтін, ЖОО-ны кәсіпкерлік үлгідегі университетке трансформациялау бағдарламасы қабылданғанын жеткізді.

«Білім, ғылым, өндіріс интеграциясы – білім, ғылым, өндірістің потенциалын бірі-біріне тиімді жағдайда бірлесе пайдалану көзі болып табылады. Қазіргі уақытта нарықтық экономиканың күрделі жағдайларында неғұрлым өткір және өзекті мәселелердің бірі кәсіби білікті мамандарды дайындау болып табылады. Бұл мәселені шешудің жолдары да конференцияның талдау және талқылау тақырыбы болды «ЖОО бірлесе маман дайындау - ғылыми зерттеу – технологияны әзірлеу – өндіріске енгізу және оларды коммерцияландырудың» толық циклін жүзеге асыруды ұстаным еткен отандық және шетел ғылыми-зерттеу институттары, ЖОО, өндіріс орындарының басшылары көтерілген тақырыпта тәжірибелерімен бөлісті», - деді Гүлнар Әлібекқызы. «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директоры Аманкелді Саданов бүгінгі тәжірибедегі микробиологияның жетістіктеріне баяндама жасады. «Республикада алғаш рет ауыл шаруашылығына, қоршаған ортаны қорғауға, медицина мен ветеринарияға арналған 8 атаудағы жаңа отандық биопрепараттардың технологиялары әзірленді және өндірісі ұйымдастырылды, олардың іске асырылуы жыл сайын 40-50 тоннаны құрайды», - деді А. Саданов.

Республикада мұнай өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуда, өндіріс орындарындағы қоршаған ортаның ластану проблемасы өте өткір. Осыған байланысты тез және білікті шешімді, оның ішінде биологиялық әдістерді қажет ететін осы қосылыстарды белсенді түрде ыдырататын биологиялық өнімдерді жасау маңызды міндет екендігіне тоқталған Аманкелді Саданов Орталық қызметкерлері топырақты, су айдындарын және өнеркәсіптік сарқынды суларды мұнайдан ластанудан микробиологиялық тазартуға арналған "Бакойл-KZ" сериясының тиімділігі жоғары бактериялық препаратын жасағанын айтты. Мәскеу мемлекеттік тағам өндірісі университеті ЖБМБФ ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Михаил Щетинин тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне арналған ғылыми баяндама жасап, әлемдегі тамақ өндірісі сапасының салдарынан келген ауру түрлеріне тоқталды. Егер азық - түліктің тұтынушылық қасиеттері тұтынушының таңдауы болса, онда азық - түлік қауіпсіздігі мемлекеттің міндеті болып табылатындығын жеткізді.

ҚР БҒМ ҒК «Ұлттық биотехнология орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры Ерлан Раманқұлов «Теңіз кен орындарында мұнай өндірудің биоқауіпсіздігін бағалаудағы заманауи метагеномдық тәсілдер» тақырыбындағы баяндамасында, мұнай өндіру кезіндегі қоршаған ортаның ластану фактілеріне тоқталып, Ұлттық биотехнология орталығының жүргізен зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, экологиялық мәселелерді шешу үшін биоремедиация технологиясын қолдану перспективаларын ұсынды.

«Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінің ФГАОУ ВО (Ұлттық зерттеу университеті) (Ресей) профессоры, «Тамақ және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі, Ирина Потороко «Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінің» ғылым саласындағы жетістіктері жайында мағұлмат беріп, «Ғылым мен өндірістің интеграциясы: АӨК қайта өңдеу кәсіпорындары үшін инновациялық технологиялық шешімдер» атты тақырыпта баяндама жасады.

«Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасы Серік Садықов баяндамасында Қазақстандағы жеміс-көкөніс шаруашылығы саласының жай-күйін, жеміс-көкөністі өндіру және тұрғындардың тұтыну көрсеткіштерінің сандық статистикасын атап өтті. Оның сөзінше: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан өз өндірісі есебінен көкөністерге, ал жемістерге деген өзінің қажеттілігін тек 68% - ға ғана қамтамасыз етеді.

Қазақстанның өзі көкөністерді экспорттайтынына қарамастан, ол маусымаралық кезеңде импорттан бас тарта да, экспортты арттыра да алмайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру қарқынының жеткіліксіздігі, жерлерді ұтымсыз пайдалану, ұсынылған ғылыми негізделген ауыспалы егістердің сақталмауы, тұқым шаруашылығының жеткіліксіз дамуы, технологиялық жарақтандырылу, субсидияларға қолжетімділік деңгейінің төмендігі, және сапалы кадрлардың жеткіліксіздігі еліміздің өнім өндіре отырып өзін толыққанды қамтамасыз ете алмауының негізгі себептерінің бірі екендігін атап өтті.

Қырғыз-Өзбек Халықаралық университетінің «Инновациялық технологиялар» ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Жыргал Самиева ғылыми-конференцияда Қырғызстандағы топырақ құнарлылығын арттыру проблемалары, атап айтқанда, республика үшін ауыл шаруашылығының ең қарқынды дамып келе жатқан саласы болып табылатын күріш өсіру мысалы қарастырылған мақаласын ұсынды. Мақалада күріш өсіру технологиясы барысында кездесетін әр түрлі мәселелер және осы мәселенің негізгі себептері мен шығу жолдары талданады.

«Қазақ егіншілік және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева Өңірлердің ерекшелігін және цифрландыруды ескере отырып, органикалық ауыл шаруашылығын жүргізу технологиялары жайлы айтты. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы» РҚБ Вице-президенті Нұрлан Темірбеков «Сандық деректерді сақтау және қолданбалы есептерді шешу үшін таратылған ақпараттық жүйені құру» баяндамасында Қазақстан Республикасындағы агроөнеркәсіптік кешенде IT-шешімдерге арналған ақпараттық сервистердің өте аздығын және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерінің ғылыми мақалаларының, монографияларының, географиялық материалдарының, аудио-және бейнежазбаларының бірыңғай қоймасының және зияткерлік қызметінің басқа да нәтижелері сақталатын деректер базасының жоқтығын тілге тиек етті. Осы мәселені шешуде Алматы қаласының Академқалашығында орналасқан ғылыми зерттеу институттарының wireless Leased Line (WLL) радиотехнологиясының көмегімен біріктірілген бірыңғай бұлтты таратылған кітапханалық ақпараттық жүйесін құру жобасын таныстырды.

«Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасы Жан Ниязбеков конференция жұмысына сәттілік тіледі. Және аталған институттың инновациялық технологияларды енгізу бөлімінің орынбасары Фазылбеков Ринат цифрландыру дәуіріндегі жаңа технологияларды енгізу бойынша ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын ақпараттандыру және автоматтандыру бойынша жаңа мамандықтар мен қажетті кадрлар жайында баяндама жасады. Айтуынша, Агроинформатика / Агрокибернетика, Автоматтандырылған ауыл шаруашылығы техникасының операторы, Агроинженер, Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, Дәл егіншілік жүйелерінің инженері, Agri деректер талдаушысы, Био-хакер сияқты мамандықтар болашақта қажеттілікке ие болады.

«Астана» ХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің бас директоры Мұхтар Бубеев "Астана халықаралық қаржы орталығында (AIFC) қаржылық қызметтерді реттеу" жайында баяндап, қаржы орталығының құрылымы, қызметі мен стратегиялық бағыттарын айтты.

«Тәжікстан технологиялық университетінің» (Тәжікстан) доценті Абдулназар Гуломсафдаров Берілген реттелмеген морфтар жиынтығының шугна тіліндегі сөздерінің морфологиялық синтезінің алгоритмін ұсынды. «Эге» университетінің (Түркия) профессоры түркітанушы, қыпшақтанушы ғалым Мұстафа Өнер "Түркиядағы сандық Түркология журналдары" туралы баяндамасында қазіргі жаһандану дәуірінде, түркі халықтары бірін-бірі терең түсінісу қажеттілікке айналған кезеңде, түркі халықтарының тереңнен тамыр тартқан тарихын, мәдени-рухани құндылығын танып-білу ғылыми-танымдық мәнге ие. Сондықтан түркі әлемі мен түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, фольклоры, тарихы, мәдениеті мен діні, өркениеті, этнографиясын бүгінгі заман талабына сай жариялап отыратын цифрлық журналдардың болуының маңыздылығын атап өтті.

"Атамекен" ҚР ҰКП бизнес-реттеу және бәсекелестікті дамыту департаменті директорының орынбасары (Нұр-Сұлтан) Ақынбекова Динара Нұрғалиқызы "Цифрлық экономика жағдайында бизнесті дамыту үрдістері және мемлекеттік қолдау" атты презентациясында цифрлық экономиканың бизнеске және іскерлік ортаға әсері, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту жөніндегі шаралар мен бизнесті дамыту тенденциялары жайында атап, бизнесті дамыту үшін бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесі цифрлық технологияларды қолданудың әр саласын шектейтін қиындықтарды анықтау, цифрлық трансформация саласындағы білім мен тәжірибені шенеуніктер арасында тарату үшін оқыту бағдарламасы әзірленуі, бизнес-модельдермен тәжірибе жасауға және табысты тәжірибені таратуға ықпал етуді кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жүйесі жаңа тұғырнамалардың айналасында серпін жасауды қамтамасыз етуге тиіс екендігін айтып қорытынды жасады.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің профессоры Масимжан Велямов «Тамақ және қайта өңдеу саласында биоэкологиялық өнімдердің инновациялық жаңа буынын әзірлеу және олардың қазіргі жағдайдағы маңыздылығы» тақырыбына кеңінен тоқталды. Масимжан Тұрсынұылының пікірінше қазіргі заманғы тамақ өндірісінің тиімділігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі аз қалдықты технологияларды құру, қайталама ресурстарды, оның ішінде құрамында пектині бар шырын өндірісінің қалдықтарын, әсіресе көкөністерден алынатын, қайта өңдеуді өндіріске кеңінен тарту болып табылады. Бұл ретте табиғи - сауықтыру әсері және экологиялық тазалығы бар тамақ өнімдерін (сусындарды) байыту үшін қалдықсыз цехты немесе асханалық қызылшадан, сәбізден және алмадан жеміс - көкөніс және көкөніс шырындарын, ал олардың сығымдарынан-құрамында пектині бар сығындыларды өндіру желісін ашу керек.

Халықаралық ғалымдардың басын қосқан ғылыми шара ары қарай секциялық мәжілістерге жалғасты. Әр кафедра бойынша тамақ өнімдерін қайта өңдеу және тамақ қауіпсіздігі; бұлтты технологияларды қолдана отырып, телекоммуникация, компьютерлік модельдеу саласындағы процестерді автоматтандыру жүйесінің инновациялық дамуы; экологиялық проблемалар мен тіршілік қауіпсіздігі мәселелерін шешудегі инновациялық тәсіл, Қазақстанның цифрлық экономикаға көшуінің мүмкіндіктері мен проблемалары сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын іске асырудағы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың рөлі аясында кеңінен талқыланып, 150-ден астам ғалымдар, студенттер мен магистранттар баяндама жасады. Конференция соңында барлық қатысушылар алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталды.

Сондай-ақ конференцияның өту барысы бұқаралық ақпарат құралдарында кең насихатталды. Мақалалар газеттер мен интернет ресурстарында белсенді жарияланып отырды.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында еліміздің өркениеті жолында адам ресурсын дамытуда білімнің сапасын арттыру, ғылым, инновация және өндірістің интеграциясының өзекті мәселелері, жетістіктерін талдауда білім, ғылым саласының жетекші мамандары мен өндіріс, бизнес өкілдерін бір алаңда жинаған конференция үлкен межелерге жетуде өзіндік үлкен орны болады деп сенеміз.