Главная Новости «Мерейлі әз-Наурыз, жаңғыра бер!» атты 10 күндік мерекелік іс-шаралар қорытындысы
24 март 2021                  318915
«Мерейлі әз-Наурыз, жаңғыра бер!» атты 10 күндік мерекелік іс-шаралар қорытындысы

14 наурыз – “Көрісу күні”

Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. “Ұлыстың ұлы күні құтты болсын”, “Ақ мол болсын”, “Ұлыс оң болсын”, “Жаңа жыл құтты болсын!” деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн.

Наурыз мейрамын тойлау аясында әр ұйымда, оқу орындарында Көрісу күні – жұмыс басталардың алдында келушілерді қазақтың ұлттық аспаптарымен ән шырқап, ұлттық тағамдармен қарсы алып өткізіледі.

ҚазИТУ колледжінде де дәстүр бойынша ұлттық киімдер киіп, жұмыс күні басталысымен оқытушылар мен студенттер бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасты. Қазақ Наурызды “Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер” шағы деп күткен. Қыстан қалған соғымның сыбағасын асып, ағайын-туысты қонақ қылып, хал-сұрасып көріскен. Осындай береке-бірлігімізді арттыратын мерекелеріміз таусылмасын деп тілейміз.

15 наурыз – “Жайлау күні”

Айнала табиғатпен біте қайнасып өмір сүру көшпелі қазақ дүниетанымының бір бөлігін құраған. Сол себепті жаратылысты аялау мақсатында табиғат аясында бір күн өткізу маңызды. Бұл өскелең ұрпақтың экологиялық, зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізеді және денсаулығын жақсартады.

Бұл күні адамдар үй-жайын, мекемелер кеңселерін тазартады, алаңдарды сыпырып, қардан, қоқыстан тазартады. Осы күннің қарсаңында колледж студенттері өз кабинеттеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, табиғат күні аясында гүл отырғызып, безендіру жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде ақылы қазақ тобы мен орыс тобы және «ТМКӨТжОҰ» мамандығының студенттері ат салысып, гүл отырғызып, табиғат күнін атап өтті. Реніштерін кешіріп, бір-біріне қонаққа, серуенге, қыдыруға шақырды. Барлық мекеме ұжымдарының бір мезеттегі “ағаш отырғызу” қайырымдылық акциясы және әлеуметтік желілер бойынша “Әр үйден 1 ағаш” атты челлендж ұйымдастыру  туралы ой білдірілді.

17 наурыз – “Тарихқа тағзым күні”

Жасөспірімдер және мектеп жасындағы балалардың caнacынa ұлттық құндылықтapымызды ciңipу, оларды ұлттық pухпeн тәpбиeлеу, сондай-ақ тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті apттыру мақсатында колледж студенттерін ұлттық, тapихи, өлкетану, өнер және әcкepи мұражайларға апару іске асырылады.

Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ақынның туған  жерге, елге, ерлік, өнегелік секілді жырларын дәріптеу мақсатында колледж студенттері арасында эссе жазу байқауы өтті. Сонымен қатар Абылай ханның 310 жылдығына орай ашық сабақ өтіліп, студенттер арасында тарихқа шолу жасалды.

Өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған әрі елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау өте маңызды. Сондай-ақ, жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтуіне орай арнайы кездесулер жүргізілді.

18 наурыз – “Игі істер күні”

Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс жасайды. Еріктілердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Жаппай халықтың қатысуымен тазалықтар өткізіледі.

Наурыз мейрамы онкүндігінде аз қамтылған отбасыларды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын беруге арналады. Дәулеті мүмкіншілік беретін адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға “Жүрек жылуы”, “Наурыз дастархан” ретінде азық-түлік үлестіреді.

ҚазИТУ колледж ұжымы да «Игі істер күнінде» жақсы істер жасап, қайырымдылықпен айналысты. Жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып, көмек көрсетті.

19 наурыз – “Шымырлық пен шеберлік күні”

Наурызды тойлау декадасының бұл күні ұлттық спортқа арналды. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, аударыспақ ұйымдастырылады. Алайда, бүкіл дүниежүзілік індетке байланысты көптеген іс-шаралар кейінге қалдырылды. Дегенмен, арақашықтықты есепке алып, барлық санитарлық талаптарды сақтап, аталмыш спорт күніне байланысты ҚазИТУ спорт залында, ҚР-ның Президенті Қ.Тоқаевтың тұжырымдамасын жүзеге асыру және спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында оқытушылармен студенттер арасында воллейболдан жарыс өтті. Жарысқа үш команда қатысып, бақ сынасты.

20 наурыз – «Зияткерлік күні»

Бұл күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылды. Бұған қоса, кітапханаларда, жастар орталықтары мен білім беру ұйымдарында, жасөспірімдер мен жастар арасында байқаулар, зияткерлік сайыстар және табысқа жеткен еңбек адамдардың, кәсіп иелерінің, түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастыру қолға алынды.

Осыған орай ҚазИТУ колледжінің оқытушылары мен студенттері арасында "Радиоэлектроника және байланыс" мамандығы бойынша "Заманауи желі технологиясы негіздері" тақырыбында лекция оқылды. Колледждің арнайы пәндер оқытушысы Бағлан Шахапұлының ұйымдастыруымен өткен дәрісті Қазақстан бойынша ең жас эксперт Network Engineer ICT Expert HCIE R&S Азат Жанқожа жүргізді. Дәріс барысында, мамандық бойынша студенттерге шетелдік компанияларға (CISCO, HUAWEI, JUNIPER, MIKROTIK) қалай жұмысқа орналасуға болады және ол үшін қандай сертификаттар қажет екендігі айтылды. Сонымен қатар, HUAWEI компаниясын таныстырып, онда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып, студенттерге мағлұмат беріп өтті.

21 наурыз – “Ұлттық тағамдар күні”

Бұл күні әр үйдің дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ал этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.

Елді мекендерде киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен мерекелік шаралар ұйымдастырылып, наурыз көже үлестіріледі. Сонымен бірге “Қымызмұрындық” этнофестивалі өткізіледі. Тағамдар шеруі өткізіліп, Наурыз көже мен бауырсақ алаңы ұйымдастырылуы қажет.

ҚазИТУ колледжінің оқытушылары өзара Ұлттық тағам дайындаудан челлендж өткізді. Әртүрлі тағамдардан тұратын челлендж ерекше, әрі қызықты, жана форматта болды.

22 наурыз – “Ұлыстың ұлы күні”

Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын 10 сағаттық “Бастаңғы” таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Бұл күні арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Одан әрі бұқаралық мереке Наурыз шеруге ұласады.  Сахнада театрландырылған қойылымдар мен жергілікті қала, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және цирктердің көше қойылымдық бағдарламасы ұйымдастырылады. Әлемдік індетке байланысты аталмыш мерекелік іс-шара әрбір отбасының өз шаңырағында өткізу ұйымдастырылды. Наурыз көже дайындалып, отбасылық дәстүрмен көңілді атмосферада атап өтілді.